Көптеген қазақтар "Ресейге қарағанда бізге Қытай қауіпті. Сондықтан Қытайға қарсы тұру үшін Ресейге арқа сүйеу керек. Ресей əскері бізге қорған болады" деген пікірде. Сіз бұл пікірге қалай қарайсыз?
Расул Жұмалы (саясаттанушы) -
Бұл көбіне орыстарға тəуелді, орысшыл мүддемен жүретін, Мəскеуге қарап ой қорытатындардың ұстанымы. Бұл жерде көп нəрсе əдейі жасалып отырған, ойдан шығарылған дүниелер. Байқасаңыздар, "Қытай қаупі" дегенді біздің ақпараттық кеңістікте негізінен ресейлік немесе біздің орыстілді баспасөз көтереді. Қазақтілді баспасөз бұл мəселені жиі көтермейді. Бұның саяси астарын байқау қиын емес. Ресей мен Қытай бүгінде саяси, экономикалық жағынан бəсекелес елдер. Осы бəсекеде Ресей өзінің əлсіз екенін түсінеді. Сондықтан бізді "Қытай қаупімен" қорқытқысы келеді. Егер Орталық Азия мемлекеттері, Қазақстан Ресейге қарағанда Қытаймен көбірек сауда жасасақ, Ресейдің ықпалы азаятыны анық. Бір ғана мысал, Ресейдің жалпы ішкі өнімі 1,5 триллион доллар. Ал Қытайдікі шамамен 14 триллион доллар. Ресейден он есе артық. Сондықтан мұндай бəсекелестікке Қытайға төтеп бере алмайтынын түсінген Ресей осындай ақпараттық амалдарды қолданады. "Қытай сендерді басып алады, бізге сүйенбесеңдер жойылып кетесіңдер" деп қорқыту арқылы Ресей бізді, өзбек, қырғыздарды өзінің уысында, бодандық ықпалында ұстағысы келеді.
![Қытайға қарсы тұру үшін Ресейге арқа сүйеу керек: Расул Жұмалының пікірі](https://sun9-39.userapi.com/impg/YptPTT0e3jmC7RZcAN08j1y-pLruL01HV5yeXA/qJSI0S20_3o.jpg?size=1080x760&quality=96&sign=6b8dbec295fa8b2cce217e055b4ee5f4&c_uniq_tag=dFTn--N64JH8E1-ZbV_AZwS5WWVAxCRMH7m__mEkGbU&type=album)